Жаңалықтар

Бұрхан-Бұлақ – Жетісудың кереметі

Қаланың қарбалас тіршілігінен бір сәтке болсын арылып, табиғат аясында таза ауамен демалғанға не жетсін, шіркін! Апта соңында әріптестерімізбен Бұрхан-Бұлақ сарқырамасына барып қайттық. Алматы облысының ішкі саясат басқармасы мен «JETISÝ MEDIA» коммуналдық мемлекеттік мекемесі көз жауын алатын мекенге пресс-тур ұйымдастырған болатын. Олай болса, Жоңғар Алатауының тұмса табиғатын назарларыңызға ұсынамыз.

Соқпақ жолдар.

Сол күні таңмен таласып, жол жүрмекке ерте қамдандық. Қалың ел шырт ұйқыда жатқан уақытта біз шаһардан шығып кеткен болатынбыз. Бағытымыз – Бұрхан-Бұлақ сарқырамасы. Ол жерге жол талғамайтын көлік немесе кроссовер арқылы, егер күш қуатыңызға сенімді болсаңыз жаяу жүріп баруға да болады. Сарқырама Талдықорғаннан 120 шақырым қашықтықта орналасқан. Соқпақ жолдардан өтіп, тау-тастан асып 7 сағат жүріп межелеген орынға әрең жеттік.

Шіркін, бұл жердің жол мәселесі шешілсе, туристер ағылып келетіндей-ақ екен. Әбден жол азабын тартқан біздер керемет табиғатты көрген кезде шаршағанымызды бірден ұмыттық.

Бұрхан-Бұлақта бір күн демалудың құны 10 800 теңге.

Бұрхан-Бұлақ сарқырамасын тамашалауға келгендерге барлық жағдай жасалған. Ұялы телофон желісі ұстамайды дегеніңіз болмаса, жүріп тұруға болатын мекен.

Мұнда 45 адамға орын қарастырылған. Бір адам тәулігіне 10 800 теңге төлеп, жатын орынды жалға ала алады. Үш мезгіл ас соның ішінде. Одан бөлек, қаласаңыз монша да бар.

Биіктен құлаған су ағыны.

Жоңғар Алатауының территориясында орналасқан Бұрқан-Бұлақ сарқырамасы қуаттылығымен және көз тартар әдемілігімен көпке танымал. Маңайдағы мұздақтардан ағып келетін ірілі-кішілі бірнеше жылғалар құлама жарға қарай өршелене ұмтылып, үлкен бір ағынға айналады. Осы бір биіктен көбіктене құлаған су ағынының көрінісін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оның жан-жаққа кристалдай шашыраған мөлдір тамшыларына сағаттап қарай бергің келеді. Су шашырандысынан пайда болатын кішкентай кемпірқосақтар күн сәулесімен құбылып, ұшқын атады.

Орта Азиядағы ең ірі сарқырама болып саналатын Бұрхан-Бұлақтың ұзындығы 50 км, су жиналатын алқабы 255 шаршы шақырым. Сарқырама Іле өзені алабында, теңіз деңгейінен 2 мың метр биіктікте орналасқан. Оның үш сатысының биіктігі – 112, ең биік тұсы 120 метрге дейін жетеді. Ол Жоңғар Алатауындағы Тышқан жотасының оңтүстік беткейінен басталып, Жаркент қаласының тұсында Өсек өзеніне құяды.

Қора шатқалы.

Жоңғар Алатауы Қазақстанның ең үлкен тау жүйелерінің бірі болып табылады. Алакөл мен Іле өзендерінің арасынан орын алған Жоңғар Алатауы батыстан шығысқа қарай 450, ал солтүстіктен оңтүстікке қарай 50-ден 90 шақырымға дейін созылып жатыр.

Жоңғар Алатауындағы ең керемет, ең әдемі жерлердің бірі 90 километр жерді алып жатқан – Қора шатқалы. Жоңғар Алатауында бірнеше сарқырама бар, соның ішіндегі Қазақстандағы ең биік саналатын аталмыш Бұрхан-Бұлақ осы Қора шатқалында орналасқан.

Қора шатқалы терең, кейбір жерлері 1000 мерге жетеді. Оңтүстік бөктерін қалың, адам аяғы баспаған ну орман алып жатыр. Шатқалдың төменгі жағы жапырақты, ал жоғарғы жағы қылқанжапырақты болып келеді.

Мұнда қоңыр аюдың ең ірі түрі бар. Сонымен қатар, қасқыр, қар барысы, арқар, таутеке, марал, ал құстардан құзғын және бүркітті кездестіруге болады. Қансорғыш кене мен улы сұр жылан да осы жерді мекендейді. Егер де жол түсіп, осы маңға келе қалсаңыз абайлап жүргеніңіз абзал.

Жеміс-жидектерге бай өлке.

Бұрхан-Бұлақта бүлдірген, қойбүлдірген, қарақат сынды өте дәмді жидектермен қатар, алманың бірнеше сұрпы өседі. Сондай-ақ, саңырауқұлақтың да бірнеше түрін кездестіруге болады.

Адам аяғы көп баса бермейтін, нағыз таудың саф ауасы мен салқын суына қаныққан бұл жердің өсімдіктері ауыздың дәмін келтіріп, тәбетіңді ашады. Біз алма ағашын көрмесек те бүлдіргеннің қызығын көріп, дала дәмінен ауыз тидік.

Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыру бөлімінің басшысы Мұратбек Балтабеков:

— Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында журналистер мен блогерлердің және мемлекеттік қызметшілердің басын қосып, Бұрхан-Бұлақ сарқырамасына пресс-тур ұйымдастырдық. Біздің мұндағы негізгі мақсатымыз – еліміздегі көрікті жерлерді насихаттай отырып, туризмді дамыту. Өздеріңіз білесіздер Алматы облысында туризм жақсы дамыған. Жер жәннаты Жетісу жерінің табиғаты өте керемет. Сырттан келген қонақтарға біз бұл әсем жерлерді мақтанышпен көрсете аламыз. Солардың бірі – Бұрхан-Бұлақ сарқырамасы.

Жоңғар Алатауының салқын саф ауасымен бір күн бойы тыныстап, ертеңгісін келген ізімізбен кері қайттық. Жоғарыда соқпақ жолдардың қиындығын айттық қой. Яғни, мұнда екінің бірі келе бермесі анық. Егер жол мәселесі шешілетін болса, аталмыш мекенге туристер көптеп келер еді деген ойдамыз. Лайым солай болғай.

Данияр Сағындық

Search