Жаңалықтар

Дүрия жамылған Көлсай

Алматы мен Талдықорған қаласынан тур операторлар мен баспасөз өкілдерінің қатысуымен «Солтүстік Тянь-Шанның інжу-маржаны» саналатын Көлсай мен Қайыңды көліне ақпарат туры өтті. Шараны Алматы облыстық туризм басқармасы мемлекеттік мекемесінің облыстық туризм және ақпараттық қызмет көрсету орталығы МКҚК ұйымдастырды.

«Qazaq Travel» компаниясының өкілі Жандос Нуриев бастаған ұйымдастырушылар 2 күн бойы жол бастап, Көлсай мен Қайыңдының көркем тәбиғатын көрсетіп, Саты ауылының тарихынан сыр шертіп, қазіргі тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Айта кетерлігі, облысымызда курорттық аймақтардың инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары қызу жүріп жатыр. «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи саябағына өткен жылы тақтайдай тегіс тасжол төселді. Ол өз кезегінде туристер санының артуына оң әсер еткен. Мәселен, осыдан 10 шақты жыл бұрын Көлсайға бір жылда 6 мыңдай саяхатшы атбасын бұрса, қазір күніне мыңдаған адам келіп-кетіп жатыр. Осы жөнінде кеңінен баяндаған парк директоры Әміржан Малыбеков:

– Ішкі туризмді дамыту жөнінде бүгінде үлкен мәселелер көтеріліп жатыр. Болашақта ұлттық парктің жұмысын жақсарту үшін біз бас жоспарды қайта қараудамыз. Бас жоспар қайта қаралып, мақұлданса, мұндағы туристік бағыттардың саны артады. Әзірге Көлсай көлдерінде 2 соқпақ, 4 маршрут бар. Табиғи паркке 2017 жылы 35 мың, өткен жылы 41 мың демалушы келді. Биыл бұл көрсеткіштің 1,5 есеге артқаны байқалады. Бұған «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Көлсайға дейін жаңа автожол төселуі оң ықпал етті, – дейді.

Отандық және шетелдік туристерді негізінен Алатаудың маржанына айналған Көлсай көлдерінің тұмса табиғаты қызықтырады. Мұнда 3 көл бар. Олар теңіз деңгейінен 1 818, 2 252 және 2 850 метр биіктікте орналасқан. Алматы облыстық туризм басқармасы мен өңірлік Туризм және ақпарат орталығы ұйымдастырған тур барысында қатысушылар тауды атпен аралап, екінші көл мен Қайыңдыға дейін барып қайтты. Бұл жөнінде:

– Жылына осы сынды 5 ақпараттық тур өткіземіз. Көктемде турлы Шарын мемлекеттік табиғи паркіне ұйымдастырдық. Енді міне Көлсай көлдерінде, болашақта өзіміздің брендке айналған Сиверс алмасы өсетін Жоңғар Алатауының Жасылкөлінде, Іле Алатауы сияқты 5 ұлттық табиғи парктерге ақпараттық турлар өткізуді жоспарлап отырмыз, – деген облыстық Туризм және ақпарат орталығының бөлім басшысы Мейрамбек Қуанышұлы жоспарларымен бөлісті.

Ал, Португалиялық саяхатшы Филипп Миранда:

– Маған Көлсайдың табиғаты мен қазақтың ұлттық тағамдары қатты ұнады. Таудың басында мынадай сұлу көлдер болады деп ойламаппын. Бұл – өз көзіммен көрген әлемдегі ең әдемі курортты аймақтардың бірі, – деген ол Көлсайдың кереметін көзбен көру керек дейді.

Осыдан кейін барып Шетелдіктердің көрікті Көлсайды көруге мыңдаған шақырымды артқа қалдырып келіп жатқанда, туған жеріңде осындай тұмса табиғаттың бар болғаны үшін кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. Ең бастысы осы бір саф алтындай баға жетпес құнды дүниемізді сақтап қалып, келер ұрпаққа табыстауымыз керек деген ойлар мазаламай қоймайды. Өйткені, Көлсай – қазақ елінің тағы бір ұлттық бренді.

Қонақтардың Көлсайға кіру ақысы Республикалық бюджетке түссе, келген қонақтарыға қызмет көрсету арқылы ауыл тұрғындары табыс көзін ажыратып отыр. Олар жазда қонақтарға жол бастап, атқа мінгізіп көлге жеткізуден, үйлерін қонақ үй ретінде жалдау мен құрт-майы мен қымызын сатып, тамақтарын дайындауға дейін қызмет көрсетіп, нәпақасын тауып отыр. Сатылықтар жеке үйлерінде екі уақыт тамағы мен адам басына 7-10 мың теңге аралығында қонақ қабылдаса, киіз үйлерден адам басына 5-6 мың теңгеден орын алуға болады. Сондай-ақ, Саты ауылында да, Көлсайдың басында да заман талабына сай демалыс орындары бар. Мәселен, Саты ауылындағы екі адамдық демалыс орнының құны тәулігіне 15 мың теңге. Бірақ ол қызметке тек таңғы ас ғана кіреді. АлКөлсайдың басындағы қонақ үйде бір күн түнеп шығу – 8 мың теңге. Көлсайдың басында​ қазақ үйді де жалға алуға болады. Бағасы 25 мың теңгеге дейін барады. Ал дастархан мәзірі үшін қосымша төлем қажет.

Көрсе көз тоймайтын, айтуға сөз жетпейтін Көлсайды тамашалап болған соң, екінші күні журналистер Қайыңды көліне қарай бет алды. 1910 жылдары болған қатты жер сілкінісінің салдарынан пайда болған Қайыңды көлі теңіз деңгейінен 1867 метр биіктікте орналасқан. Ұзындығы – 600, ені – 300, ал тереңдігі кей жерлерде – 30, кейбір жерлерінде 40 метр. Қайыңды көлін бұқара халық «Аруақтар көлі» деп те атайды. Мұның сыры суға батқан ­ке­ме­лерге ұқсас Тянь-Шань шыршаларының діңгектері судың ішінен 15 метрге дейін көтеріліп тұратындығында болса керек. Тағы бір атауы­ «Өлі көл», оның сыры Қайыңды суында балықтың болмауы.

Алған әсерді сол кезде бірден көпшілікке ұсынудың жөні бөлек. Ол үшін жақсы интернет желісі керек. Бұл маңда Beeline, Kcell, Аctiv, Қазақтелеком байланыстары болға­нымен, жылдамдығы өте баяу. Көлсай мен Қайың­ды­ның өзінде байланыс мүлде жоқтың қасы. Отандық туризмді дамыту үшін ең әуелі интернет мәселесі шешілсе нұр үстіне нұр болар еді.

 

 

Еңлік ҚАБДЕШ,

Кеген ауданы

Search