Жаңалықтар

Ержан Рашев: Блогер болу үшін табандылық қажет. Менің танымал блогер болуым үшін 10 жыл кетті

Джастин Холл мен Йорен Баргер тұңғыш рет блог жүргізуді бастағанда бірнеше жылдан соң бұл істің мамандық қана емес, талайдың нәпақа табу жолы болатынын сезбеген де шығар.

Ал, бүгінде блогер болу – талайды қызықтырған мамандыққа айналғаны сөзсіз. Сонымен, әлеуметтік желіде оқырманды қызықтырып, жоспарлы медиа контент жасау үшін қандай қадамдар істелу керек? Бұл сұраққа Ержан Рашев, Бейбіт Әлібеков және Қыран Талапбек сынды блогерліктің майын ішіп, жілігін шаққандар жауап берді. Осы мамандықтың біраз сырын ашты.

Alakol Open Air – айдынды өлкедегі дәстүрлі жазғы мектеп. Жыл сайын республикалық және өңірлік БАҚ өкілдері тәжірибе алмасу үшін Алакөлде бос қосады. Биыл Жетісу жерінде үшінші рет ұйымдастырылды. Бұл шараның мақсаты қатысушыларға электронды БАҚ мен әлеуметтік желіні тиімді пайдалана білуді үйрету. Биыл ашық әңгіме алаңына 20-ға жуық журналист, баспасөз хатшысы мен сайт редакторы қатысты.

Жаһанды жаулаған әлеуметтік желіні игеріп, оның пайдасын көріп жүргендердің бірі Ержан Рашев. Әлеуметтік желілерде блог жүргізуді осыдан 10 жыл бұрын бастаған. 2009 жылдары шет елден туған елге оралып, Әлішер Елікбаевтың сайтында өз блогын жүргізеді, кейіннен жеке сайтын ашады. Қазір, инстаграм желісінде 134 мың оқырманы бар, ал телеграмда 45 мыңнан асып жығылады. Медиатренер әлеуметтік желіні сауатты жүргізу, желі психологиясы сынды тақырыптарға тоқталып өтті. «Блогер болу үшін табандылық қажет. Менің танымал блогер болуым үшін 10 жыл кетті», - дейді Ержан Рашев.

Шынымен де, блогер болу оңай емес. Күн сайын бос уақытыңызды блог жүргізуге арнап, үнемі мақала жазып тұру қажет. Оқырман пікірлеріне белсенді жауап беріп, жекеге келген хаттарға жауап қатып, әрдайым жан-жақты ізденуді талап етеді.

Алакөлде дәріс оқығандардың бірі Бейбіт Әлібеков болды. Оның инстаграм желісіндегі оқырманы 200 мыңнан асады. Әріптестеріне 120 жылдан бері қолданылып келе жатқан копирайтингтегі «AIDA» моделін түсіндіріп өтті. «Маркетологияда пайдаланылатын интернет ресурстарын мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында да барынша тиімді қолдана білуге болады», – дейді Бейбіт Әлібеков. Әрине, бұл әдісті тиімді қолдана білсе. Сондай-ақ ол әріптестерімен азды-көпті тәжірибесімен бөлісіп кетті.

Жазғы мектепте сөз алған белгілі блогерлердің бірі – Қыран Талапбек. Ол ең алдымен «Өмірдің мәні неде?» деген сауалға тоқталып өтті. Мұнан соң, оқырман жинау, аудиторияны қалыптастыру тақырыбын тарқатып айтып берді. «Мобилография» туралы да кеңінен талқылады.

Белгілі блогерлердің өздері қолданып жүрген әлеуметтік желіні тиімді жүргізу тетіктері айтылған шара өте қызықты өтті. Дәріс оқушылар қатысушылар қойған сауалдарға да тұшымды жауап берді.

Қазір жаңалық ел ішіне жылдам тарайды. Алайда бұрмаланып жететін ресми емес ақпарат та аз болмай тұр. Сәйкесінше әлеуметтік желі пайдаланушылары мәдениетінің төмендігі де көрініс бере бастады. Сондықтан, ресми БАҚ өкілдері жазғы мектепте айтылған ақыл-кеңестерді түртіп алып, өздері де бұл тәжірибені күнделікті жарияланымдарында қолданатынын жеткізді. Сондықтан, Алакөл жағасында ұйымдастырылған жазғы мектеп шарасының берері мол. 

Айман Асыл

 

Search