Жаңалықтар

Желтоқсандықтармен кездесу

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Тәуелсіздік күні қарсаңында 1986 жылдың желтоқсанында болған оқиғаға қатысқан азаматтарды қабылдады. Кездесуге осы жолы 30-ға жуық адам қатысты.

Жиын барысында өңір басшысы Амандық Баталов қатысушыларды келе жатқан мерекемен құттықтай келе, мәжіліс залына жиналған әрбір азаматтың егеменді ел болу жолында сіңірген еңбегінің ерен екендігін атап, осы азаматтардың күнделікті өмірде жастардың бойында ұлтжандылықты дәріптеп жүргендігі үшін алғысын білдірді.

Жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысы әлеуметтік-экономикалық даму бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Мұның барлығы бірінші кезекте Елбасының сарабдал саясатымен бірге жасап келе жатқан Тәуелсіздіктің жемісі. Егемен елдің бүгінгі жетістіктерінде сіздердің де өлшеусіз үлестеріңіз бар. Сол себепті сіздердің есімдеріңіз тарих беттеріне жазылуда. Барша жетісулықтар атынан сіздерге алғысымды жеткіземін, - деп ойын аяқтап, жиналғандардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беруге көшті.

Кездесуге келгендер атынан облыстық «Жетісулық желтоқсандықтар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ермұхан Жүнісов, облыстық «Қайсар жүрек» қоғамдық қорының жетекшісі Айсұлу Кеңесова, Бақтыгүл Нұрлыбаева және өзге де азаматтар сөз сөйледі. Олар бірінші кезекте бүгінгі кездесуді ұйымдастырып, ілтипат көрсеткені үшін алғысын білдіріп, Алматы облысының соңғы жылдары даму қарқыны жоғары екендігін және Талдықорған қаласында құрылыс жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқандығының арқасында облыс орталығының бейнесі күн сайын адам танымастай құлпырып, заманауи келбетке ие болып, ажарлана бастағанын тамсана жеткізді.

Search