Жаңалықтар

Жыр Құлагері «ILIYAS»

Алматы облысында Ілияс Жансүгіровтың өмірінен сыр шертетін фильмнің тұсаукесері өтті.

Фильмді «Жетісу» телеарнасы мен Zhetisu Film  кинокомпаниясы Алматы облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша түсірді.  Туындының продюсері «Жетісу» телеарнасының директоры, белгілі журналист Бейсен Құранбек, ал фильмнің режиссері  Ерлан Ушакпаев.

Бұл кино картина Мұратхан Иманғазинов, Қажет Андас, Елдос Тоқтарбай сынды тарихи кеңесшілердің көмегімен түсірілген.

Туынды ұлы ақын, қазақ әдебиетінің классигі Ілияс Жансүгіровке арналған. Ілияс қазақ қоғамындағы алғашқы мәдени сәулетшісі болды. Ілияс Жансүгіровтің өмірбаяны қазіргі жастарға үлгі болып, ой саларлық сара жолдың бірі. Тағдыры сын тезіне салса да шыдаған сері жігіттің өмір жолы оңай болған жоқ. Басы ноқтаға сыймаған атпалдай азаматтың өткені фильде бастан-аяқ көрініс тапқан.

Фильмде авторлар Ілияс Жансүгіровтің ақын, жазушы, журналист, қоғам қайраткері ретіндегі тұлғасының жан-жақты сипатын ашуға, сол дәуірдің қайғылы өмірін көрсетуге тырысқан.

Көрнекті классиктің рөлін дарынды актер Абай Нұғманов ойнады. Нұғманов бұған дейін ақынның 120 жылдығына ұсынылған «Ілияс» спектаклінде ойнаған.

шығармашылық ізденістен туындаған көркем туындының  тұсаукесері мен тегін көрсетілімі 23 желтоқсан күні, сағат 18.00-де  «Атамекен» кинотеатрында өтті.

Еске салайық, биыл Алматы облысында Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Ақсу ауданында өзінің туған жерінде ескерткіш ашылды, театрландырылған қойылым көрсетіліп, бірқатар ірі ғылыми-практикалық конференциялар мен әдеби кештер өтті.

Search